Атырауда әйелді өлтірді деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Атырау облысында 37 жастағы ер адам азаматтық некеде тұрған әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға тұрмыстық жанжал кезінде болған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Марқұмның жақындарының айтуынша, әйел пышақтан алған көптеген жарақат салдарынан көз жұмған. Сондай-ақ олардың сөзінше, қайғылы жағдай үш жасар қызының көз алдында болған. Ал келесі күні үйге келген 16 жастағы қызы анасының мәйітін тауып алған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр. Тергеу мүддесіне байланысты құқық қорғау органдары оқиғаның басқа мән-жайларын жарияламайтынын мәлімдеді.