Асыранды балаларды азаптады деген отбасы ұзақ мерзімге сотталды

Асыранды балаларды азаптады деген отбасы ұзақ мерзімге сотталды
Хабар24

Қарағанды облысында асыранды балаларға қатыгездік көрсетті деп айыпталған ерлі-зайыптылар мен олардың қызына қатысты сот үкімі жарияланды. Іс мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотта қаралды, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Қарқаралы ауданында тұратын педагогтар отбасы балалар үйінен патронаттық тәрбиеге алған алты баланы бірнеше жыл бойы жүйелі түрде қорлаған. Айыптау тарапы олардың балаларды ауыр жұмысқа жеккенін, ұрып-соққанын, қорлағанын және аштықта ұстағанын мәлімдеді.

Сот барысында балалардың болмашы қателіктері үшін жазаланғаны, кей жағдайда адам төзгісіз жағдайларға тап болғаны туралы деректер айтылды. Сараптама қорытындылары жәбірленушілердің денелерінде көптеген жарақат іздері болғанын көрсетті.

Прокурордың айтуынша, кәмелетке толмағандардың айғақтары сот-психологиялық сараптама нәтижелерімен расталған. Сарапшылар оқиғалардан кейін балалардың бірінде психикалық бұзылыстардың дамығанын анықтаған.

Ал қорғау тарапы тергеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілгенін алға тартты. Отбасы басшысы өз кінәсін мойындамай, балаларға жақсы қарағанын және тергеу кезінде қысым көргенін мәлімдеді.

Іс материалдарын зерттеген сот отбасы мүшелерін кінәлі деп таныды. Отбасы басшысы 12 жылға, жұбайы 10 жылға, ал қыздары 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сот әрбір жәбірленушінің пайдасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңгеден өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушылар апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.