Астанада түнгі клуб маңында 18 жастағы жігіт қаза тапты: екі адам сотталды

Астанада түнгі клуб маңында 18 жастағы жігіт қаза тапты: екі адам сотталды
Ашық дереккөзден

Астанада түнгі клуб маңындағы төбелестен кейін 18 жастағы Әди Чукеевтің қаза болуына қатысты сот үкімі шықты. Екі сотталушы 9 және 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот үкімі 14 тамызда жарияланды. Медет Әбдіраш пен Әділхан Аяпберген Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

“Еуразия” арнасының хабарлауынша, сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылғы 27 желтоқсанға қараған түні Астанадағы BHB түнгі клубының маңында болған. Алдымен ауызша жанжал туындап, кейін төбелеске ұласқан.

Айыптау тарапының мәліметінше, Әди Чукеевті алдымен Медет Әбдіраш ұрып, кейін оған Әділхан Аяпберген қосылған. 18 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, кейін қайтыс болған.

Сотталушылардың бірі – бұрын Ұлытау облысында құқық қорғау органдарында қызмет атқарған азамат. Оқиғадан кейін ол жұмыстан шығарылған.

Сот марқұмның отбасының азаматтық талабын да ішінара қанағаттандырды. Сотталғандар бірлесіп отбасыға:

моральдық зиян үшін – 10 миллион теңге;

материалдық шығын ретінде – 1,9 миллион теңгеден астам;

заңгерлік қызмет ақысы ретінде – 2 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Бұдан бөлек, әр сотталған жәбірленушілерге өтемақы қорына 78 640 теңгеден аударуы тиіс. Процессуалдық шығындар мен мемлекеттік баж да өндіріп алынады.

Сот барысында куәгерлердің айғақтары, бейнежазбалар, сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары және басқа да дәлелдер зерттелген.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.