Астанада Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының бесінші томы таныстырылды

Астанада Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының бесінші томы таныстырылды
CGTN

Астанадағы «Пекин Палас» қонақүйінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты кітабының бесінші томының тұсаукесері өтті. Іс-шараны ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Баспасөз кеңсесі, Қытай халықаралық баспа тобы және Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды ult.kz.

Жиында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Елнұр Бейсенбаев өткен жылы кітаптың қазақ тіліне аударылған алғашқы төрт томының таныстырылымы өткенін еске салып, бесінші томның жарық көруі Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жалғасы екенін айтты.

Оның сөзінше, еңбек Қытайдың мемлекеттік басқару тәжірибесін, саяси даму бағытын, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету қағидаттарын, сондай-ақ ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

"Бұл көлемді кітап – Қытай мемлекетінің саяси даму бағытын, мемлекеттік басқару тәжірибесін, ұлттық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ұстанымдарын, сондай-ақ ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарын тереңірек түсінуге ұмтылатын қазақстандық оқырмандар үшін маңызды әрі құнды дереккөз", – деп айтты Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестігі бүгінде барлық бағытта нығайып келе жатқанын атап өтті. Елнұр Бейсенбаев мемлекеттік басқару, цифрлық трансформация, мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен басқару мәдениеті салаларында тәжірибе алмасудың маңызы артып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ ол классикалық шығармаларды өзара аудару және басып шығару жөніндегі Қазақстан мен Қытай арасындағы меморандумның екі елдің тарихи-мәдени мұрасын тереңірек тануға және гуманитарлық байланысты дамытуға ықпал ететінін айтты.

Ал Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Чэн Кэфань кітапты Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару философиясы мен Қытайдың даму стратегиясын түсіндіретін маңызды еңбек деп бағалады.

Оның айтуынша, бесінші томға 2022 жылдың мамырынан 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде жазылған еңбектер енген. Басылымда Қытайды жаңғырту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, жаңа даму тұжырымдамалары және елдің жаһандық бастамалары кеңінен қамтылған.

"Бесінші том – Қытай Коммунистік партиясының ХХ съезінен кейінгі Қытайды жаңғырту тәжірибесінің ғылыми қорытындысы. Онда қуатты мемлекет құру және қытай ұлтының ұлы жаңғыруына бастайтын жаңа жолдағы практикалық ізденістер мен теориялық жаңашылдықтар қамтылған. Сондай-ақ еңбекте мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамалары мен стратегиялары жүйелі түрде баяндалып, Қытайдың адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруға жәрдемдесуге деген ұмтылысы көрсетілген", – деді ол.

Чэн Кэфань өз сөзінде Қытай Коммунистік партиясының халық мүддесін басты құндылық ретінде ұстанатынын, ал елдің даму үлгісі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты. Сондай-ақ Қытайдың жоғары сапалы даму, кедейлікті жою, мемлекеттік басқаруды жаңғырту және қытайлық модернизация бағытындағы тәжірибесіне тоқталды.

Ол Қытайдың сыртқы саясатындағы Бейбітшілік пен ортақ даму қағидаттарына, «Бір белдеу – бір жол» бастамасына, Адамзаттың ортақ тағдыр қауымдастығы тұжырымдамасына және жаһандық даму, қауіпсіздік пен өркениет бастамаларына ерекше назар аударды.

Дипломаттың айтуынша, кітап бүгінде әлемнің көптеген жетекші кітапханаларында сақталып, халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер тарапынан қызығушылық тудырып отыр. Оның пікірінше, бесінші том Қазақстан оқырмандарына Қытайдың мемлекеттік басқару тәжірибесі мен даму жолын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің нығайып келе жатқаны, мемлекет басшылары арасындағы өзара сенімнің екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқаны атап өтілді. Сондай-ақ тараптар мемлекеттік басқару тәжірибесімен алмасуды жалғастырып, гуманитарлық байланыстарды және бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.