Freedom Inside '26

Астанада Қазақ ұлттық спорт университеті салтанатты түрде ашылды

Астанада Қазақ ұлттық спорт университеті салтанатты түрде ашылды
ТСМ

Елордада Орталық Азиядағы спорт ғылымы мен жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған ірі білім беру жобаларының бірі – Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Салтанатты шара New Era of Sport: KNUS 2026 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық спорт федерацияларының басшылары, олимпиадалық қозғалыс мүшелері, шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Біріккен күрес әлемі ұйымының (UWW) президенті Ненад Лалович, Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринеску, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) өкілі Рафал Пехота және өзге де халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Форум барысында университеттің жаңа кампусы таныстырылды. Бұл соңғы бес жыл бойы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңінің аяқталғанын білдіреді. Осы уақыт ішінде оқу орны халықаралық серіктестігін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін нығайтып, жоғары жетістіктер спорты, бұқаралық спорт және спорт индустриясы үшін мамандар даярлайтын заманауи білім беру экожүйесін қалыптастырған.

Университеттің құрылтайшысы Нұрасыл Медеудің айтуынша, жаңа білім ордасы Қазақстанда спорт саласына арналған заманауи білім беру және ғылыми платформаны қалыптастыру бағытындағы бес жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі.

«Бес жылдың ішінде университет білімге ұмтылыс, талант пен еңбек тоғысқан үлкен орталыққа айналды. Бүгін біз берік іргетас қалағанымызды мақтанышпен айта аламыз. Алдымызда халықаралық мойындалу, ғылым мен спорттағы жаңа жетістіктер күтіп тұр. Қазақ ұлттық спорт университеті озық білім мен инновацияның, болашақ чемпиондар мен ел көшбасшыларын тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады», – деді ол.

Шара барысында Біріккен күрес әлемі ұйымының президенті Ненад Лалович Қазақстанның әлемдік күрес спортының дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағаласа, IESF президенті Влад Маринеску университеттің ашылуын дәстүрлі спорт, цифрлық технологиялар мен инновациялық білім беруді ұштастыратын маңызды қадам деп атады.

Салтанатты рәсімде Ненад Лалович пен Влад Маринескуға «Қазақ ұлттық спорт университетінің Құрметті профессоры» атағы берілді. Сонымен қатар студенттер академиялық адалдық, әділ бәсекелестік және спорттық этика қағидаттарын ұстануға міндеттейтін Студенттер хартиясына қол қойды.

Форум қонақтары университеттің ғылыми зертханаларын, зерттеу орталықтарын, білім беру хабтарын, цифрлық инфрақұрылымы мен заманауи спорт нысандарын аралап көрді.

Университет басшылығының мәліметінше, Қазақ ұлттық спорт университеті алдағы уақытта спорт ғылымын дамытуға, жаңа буын мамандарын даярлауға және халықаралық серіктестікті кеңейтуге бағытталған өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретінде жұмысын жалғастырады.