Астанада мешіттен телефон ұрлаған күдікті қолға түсті

Астанада мешіттен телефон ұрлаған күдікті қолға түсті
Видеодан скриншот

Астанада полиция қызметкерлері мешіттен ұялы телефон ұрлады деген күдікпен 25 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға таңғы уақытта болған. Намазға келген азамат құлшылығын аяқтаған соң демалу үшін телефонын жанына қойып, қуаттауға қосып кеткен. Осы сәтті пайдаланған күдікті айналадағылардың назарынан тыс қалған құрылғыны жасырын алып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп, сол күні күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстаған.

Ұрланған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін де елордадағы мешіттердің бірінде намаз оқып тұрған азаматтың телефонын ұрлаған күдікті полицияның қолына түскен болатын.