Астанада Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі өтеді

Астанада Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі өтеді
видеодан скриншот

1-7 қазан аралығында Астанада Қазақстанның Халық артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешеваның 75 жасына арналған «ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалі өтеді, деп хабарлайды ult.kz.

Фестиваль Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы театр додасына Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның театр ұжымдары қатысады.

Фестивальдің басты мақсаты – Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасын насихаттап, көрерменді актрисаның өнердегі жолымен таныстыру. Өнер иесінің есімі қазақ кино тарихында «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесімен тығыз байланысты. Ол сомдаған кейіпкер ұлттық киноның танымал әйел образдарының біріне айналды.

«ТЕАТР ALL» аясында отандық және шетелдік театр ұжымдарының қойылымдары ұсынылып, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріледі. Фестиваль бағдарламасында классикалық шығармалармен қатар заманауи театр жанрындағы қойылымдар да бар.

Фестиваль бағдарламасы:

1 қазанда сағат 14:00-де С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық сазды драма театры У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясын ұсынады. Қойылым Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында өтеді.

Сол күні фестивальдің қызыл кілеммен жүру рәсімі мен салтанатты ашылуы ұйымдастырылып, сағат 18:00-де Музыкалық жас көрермен театрының Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі көрсетіледі.

2 қазанда Асанәлі Әшімов атындағы Алматы қалалық театрының «Томирис» перформансы, Н.Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «ТОЙ» трагикомедиясы және Ақмола облыстық орыс драма театрының М.Әуезовтің «Выстрел на перевале Караш» музыкалық драмасы сахналанады.

3 қазанда Астана қалалық циркінің «Contrasst» би театры «Metamorphoses» заманауи балет-рефлексиясын, Әзербайжанның «М.Театр» тәуелсіз театры Э.Л.Войничтің «Овод» романы желісімен «Бөгелек» драмасын көрсетеді. Кешкі бағдарламада Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» хорео-драмасы ұсынылады.

4 қазанда Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» мелодрамасы, Қырғыз Республикасының Б.Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермен театрының Ш.Айтматов шығармасы негізіндегі «Жәмила» драмасы және М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Сотворившая чудо или что такое любовь?» музыкалық драмасы көрерменге жол тартады.

5 қазанда Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театры «Қатынқамал» перформансын, Өзбекстан мемлекеттік драма театры А.Навоидың «Ләйлі мен Мәжнүн» драмасын ұсынады. Ал кешкі уақытта Музыкалық жас көрермен театрының «Шәкәрім» музыкалық драмасы сахналанады.

6 қазанда Астана қаласы әкімдігінің «Қанаттылар» инклюзивті театры Абай қара сөздерінің желісі бойынша «Абай-ЛА» перформансын, Атырау облыстық Жастар театры М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» хорео-драмасын көрсетеді. Фестивальдің соңғы қойылымдарының бірі ретінде Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» музыкалық драмасы ұсынылады.

7 қазанда К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасы: қазіргі театр өнеріндегі сабақтастық пен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Сол күні сағат 17:00-де фестивальдің салтанатты жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Ал сағат 19:00-де Меруерт Өтекешеваның 75 жасына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» атты шығармашылық кеш өтеді.

Фестиваль бағдарламасы ұлттық театр дәстүрі мен заманауи сахна өнерін тоғыстырып, Қазақстан және шетел театрлары арасындағы шығармашылық әрі мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.