Астанада есірткі тарататын интернет-дүкеннің «қоймасы» қызметін атқарған пәтер анықталды. Полиция 33 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, күдіктінің бел сөмкесінен марихуана салынған түйіншектер табылған. Ал пәтерін тінту кезінде түрлі түсті изолентамен оралған 2 мыңнан астам түйіншек пен сұйық зат құйылған түтікшелер тәркіленді.
Сараптама түтікшелердегі заттың гашиш майы екенін көрсетті. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 2 келіден асқан.
Медициналық куәландыру кезінде ер адамның есірткі қолданғаны да анықталды.
Ол мессенджерлер арқылы тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкенге «қойма» ретінде қызмет көрсеткен деген күдікке ілінді. Қазір полиция есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар өзге адамдарды анықтап жатыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.