Freedom Inside '26

Астанада III «Senat Open 2026» ашық шахмат кубогының финалы өтті

Астанада III «Senat Open 2026» ашық шахмат кубогының финалы өтті
Қазақстан шахмат федерациясы

26 маусым күні Астанадағы Конгресс-орталығында еліміздегі ең ірі шахмат жарыстарының бірі – III «Senat Open 2026» ашық кубогының финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, «Senat Open 2026» турнирін елімізде шахмат қозғалысын одан әрі дамыту жолындағы маңызды оқиға ретінде бағалады.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте шахматтың маңызы зор. «Senat Open» турнирі осы бағыттағы бастамаларды, жалпы шахматты кеңінен насихаттау үшін қолға алынды. Үш жыл ішінде сайыс айтарлықтай қалыптасып үлгерді. Биыл алғаш рет жарыс 1/8 финалдан бастап, бүгінгі шешуші бәсекеге дейін толық төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Солтүстік, Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс аймақтарда өткен бес жартылай финал еліміздің барлық өңірін қамтыды. Бүгінде бұл турнир жалпыұлттық қозғалысқа айналды деп айтуға толық негіз бар. Шахмат тақтасында кездейсоқ жеңіс болмайды. Мұнда стратегиялық ойлау, табандылық және бірнеше жүрісті алдын ала есептей білу шешуші рөл атқарады. Дәл осындай қасиеттер қазіргі таңда қоғамның барлық саласында қажет екені белгілі», – деді Сенат Төрағасы.

Тимур Турловтың айтуынша «Senat Open 2026» еліміздегі шахмат сүйер қауымның басын қосқан ең ауқымды шаралардың бірі болып отыр.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

«Senat Open»  турнирінің тарихы небәрі үш жылды құрағанымен, ол Қазақстанның біртұтас шахмат экожүйесінде өзіндік орны бар беделді додаға айналды. Жыл өткен сайын сайысқа қатысушылар саны тұрақты түрде артып келеді. Бұл – ешбір әсірелеусіз айтқанда, жарыстың шын мәнінде халықтық турнирге айналғанының ең айқын көрсеткіші. Биыл жарысқа 8 мыңнан астам адам қатысты. Турнирдің мұндай жетістігі кездейсоқ емес. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен шахматты дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді Тимур Турлов.

2026 жылғы турнир төрт кезең бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар 1/8 финалдан бастап ширек финал, жартылай финал кезеңдерін еңсеріп, шешуші финалдық кездесулерге жолдама алды. Турнирге қатысудың басты талабы – 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша классикалық шахмат, рапид және блиц бойынша Эло рейтингі 2000-нан төмен болуы болды.

Барлық кезеңдер, соның ішінде финалдық ойындар да, швейцар жүйесі бойынша тоғыз турдан тұрды. Қатысушылар әр партияда 10 минут негізгі уақыт және әр жүріске қосымша 5 секунд берілетін рапид форматында сынға түсті.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

1/8 финалдан кейін үздік ойыншылар ширек финалға жолдама алып, өңір жеңімпаздары анықталды. Кейін Солтүстік, Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс аймақтары бойынша өткен жартылай финалдарда ең мықтылар іріктелді. Әр жартылай финалдан 53 қатысушы финалға өтті. Астанада өткен шешуші кезеңде оларға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері және мандаттық комиссияның шешімімен мемлекеттік қайраткерлер қосылды.

Солардың бірі Тараз қаласы Мәслихатының депутаты Кенжеғали Шилібек. Оның пікірінше бұл шара шахмат сүйер қауымның үлкен қолдауына ие болды. 

«Алғашқы турнирде тек депутаттар мен қоғам өкілдері ғана қатысса, кейінгі екі жылда шара өз нәтижесін беріп, әр саланың өкілдері қатысуда. Бұл жылдан жылға турнирдің ауқымы кеңейе түскенінің көрсеткіші. Аталған дода тек бақ сынасу ғана емес, сонымен қатар басқа өңірлерден таныстар тауып, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Шахмат ойыны сабырлықты, стратегиялық ойлауды, дұрыс шешім қабылдауға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан елде шахматты дамыту маңызды.

«Senat Open» шахмат турирінің финалдық кезеңі жыл сайын Астанада кең залдарда барлық жағдай жасалып, үлкен спорттық мерекеге айналдырып отырғанына қуаныштымыз. Алдағы жылдарда бұл шара жалғасын табады деп сенемін», – деді турнирге қатысушы Кенжеғали Шилібек.

«Senat Open» ашық кубогы 2024 жылдан бері Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен тұрақты түрде өткізіліп келеді. Турнирдің бастамашысы – Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Бұл бастама Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың қолдауына ие болған.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Журналистердің Парламенттің жоғарғы палатасы таратылғаннан кейін «Senat Open» турнирінің тағдыры қалай болатыны туралы сауалына жауап берген Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Парламент құрылымындағы өзгерістер турнирдің өткізілуіне әсер етпейтінін атап өтті.  

«Біз өз елімізбен бірге өзгереміз. Біздің турнир үлкен, маңызды, халықтық деңгейге көтерілді. Сондықтан турнир бұдан әрі де өткізіліп тұратын болады. Ол біздің елімізбен бірге сәтті өзгеріп, дамып отыратын болады», – деді азақстан шахмат федерациясының президенті.

Ауқымды турнир шахматты кеңінен насихаттауға, зияткерлік спортты дамытуға және түрлі сала өкілдерінің басын қосып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде өз мәресіне жетті.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы