Астанада Ботаникалық бақта дәрет сындырған шетелдік 15 тәулікке қамалды

Астанада Ботаникалық бақта дәрет сындырған шетелдік 15 тәулікке қамалды
ашық дереккөз

Астанада қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 38 жастағы шетел азаматы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Ботаникалық бақ аумағында болған. Мәліметке сәйкес, шетелдік көгалдың үстінде дәрет сындырып, қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Кейін сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Полиция қоғамдық орындар азаматтардың тынығып, демалуына арналғанын еске салып, қоғамдық тәртіп пен мораль нормаларын бұзатын кез келген әрекет заң аясында жауапкершілікке әкелетінін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Сондықтан қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір дерегі дер кезінде тоқтатылып, кінәлілерге заң аясында тиісті шара қолданылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қоғамдық орында былапыт сөз айтып, тәртіп бұзған шетелдік 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын.