Астанада автосалон менеджері екі көлікті сатып, 23 млн теңгені қалтасына басқан

Астанада автосалон менеджері екі көлікті сатып, 23 млн теңгені қалтасына басқан
ашық дереккөз

Астанада автосалон менеджері екі автокөлікті алдау жолымен иемденіп, иелеріне 23 миллион теңге шығын келтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

24.kz жазуынша, сот материалдарына сәйкес, Changan CS55 Plus пен Toyota Camry көліктерінің иелері оларды сату үшін автосалонға тапсырған. Менеджер көліктерге сатып алушы табылғанын айтып, сатудан түскен қаражат бірнеше күн ішінде аударылатынына сендірген. Осылайша ол көлік иелерін автокөліктерді үшінші тұлғаның атына қайта рәсімдеуге көндірген.

Құжаттар рәсімделгеннен кейін сотталушы көліктерден түскен 23 миллион теңгені өз қажетіне жұмсап жіберген. Соның салдарынан жәбірленушілерге ірі көлемде материалдық шығын келтірілген.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы оның кінәсін толық дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар жәбірленушілердің келтірілген шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арызы толық қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Прокуратура меншікке қарсы қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырды.