Астанада интернет-алаяқтардың қылмыстық схемасына қатысы бар деген күдікпен 19 және 21 жастағы екі тұрғын ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар ақшалай сыйақы үшін өздерінің банктік есепшоттарын, ұялы телефондарын, SIM-карталарын, сондай-ақ банк қосымшалары мен криптовалюта биржаларындағы аккаунттарын алаяқтардың пайдалануына берге, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, аталған құралдар кейін азаматтарды алдау мақсатындағы қылмыстық схемада қолданылған.
Жәбірленушілердің бірі – 78 жастағы елорда тұрғыны. Оған өзін мемлекеттік орган мен банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар хабарласып, жинақ ақшасын «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екеніне сендірген. Бұдан бөлек, олар зейнеткерді алтын әшекейлерін сатып, одан түскен қаржыны да өздері көрсеткен есепшоттарға жіберуге көндірген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жәбірленушінің ақшасы түскен банктік шоттардың иелерін анықтап, екі күдіктіні қолға түсірді.
Тергеу барысында олардың бірінің есепшотына қылмыстық жолмен алынған 1 миллион теңге, ал екіншісінің шотына 2,5 миллион теңге аударылғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша дропперлікке қатысты қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды жеке банктік карталарының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын, мобильді банк қосымшаларының логині мен құпиясөзін бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Ведомствоның ескертуінше, өз есепшотын немесе жеке деректерін үшінші тұлғаларға пайдалануға беру азаматты қылмысқа сыбайлас қатысушы ретінде қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.