Freedom Inside '26

Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі берілді

Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі берілді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салалық жоғары оқу орындарына белгілі медицина қайраткерлерінің есімін беру жөніндегі бастаманы қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында Президент «Астана медицина университетінің» жетістіктеріне ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, оқу орны цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицина салаларын табысты дамытып келеді және еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарының біріне айналған.

«Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қарағанды медицина университетіне оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар басқарған Петр Поспеловтің есімін беру туралы бастаманы да қолдады.

Президенттің пікірінше, Қарағанды медицина мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешім қабылдау тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Осылайша, еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарына белгілі ғалымдардың есімін беру арқылы олардың ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегін ұлықтау көзделіп отыр.