Freedom Inside '26

«Астана Балет» театры маусымды «Алтын гүл» премьерасымен қорытындылайды

«Астана Балет» театры маусымды «Алтын гүл» премьерасымен қорытындылайды
Gov.kz

26-27 маусым күндері елордадағы «Астана Балет» театры сахнасында «Алтын гүл» балетінің премьерасы өтеді. Жаңа қойылым театрдың шығармашылық маусымын қорытындылайтын маңызды мәдени оқиға болмақ, деп хабарлайды ult.kz.

Балеттің идеясы біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырларға жататын Теңлік қорғандарынан табылған қызғалдақ бейнесі бедерленген алтын пластина негізінде дүниеге келген. Қойылымның либреттосын ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков жазған.

Спектакльде адам мен табиғат арасындағы үйлесім, ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтарға адалдық тақырыптары көркем тілмен өрнектеледі. Оқиға желісі дала қызғалдағының сұлулығынан шабыт алған зергердің тағдыры төңірегінде өрбиді. Кейіпкер өмірі арқылы туған жерге сүйіспеншілік, ата-баба мұрасын қастерлеу және дәстүр жалғастығы идеялары көрініс табады.

Балет музыкасының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Ғайсин. Қоюшы-хореограф ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мұқарам Әбубахриева еңбек еткен. Ал спектакль кейіпкерлерінің сахналық бейнесін суретші Әйгерім Алтыбасарова әзірлеген костюмдер толықтыра түседі.

«Алтын гүл» қойылымында классикалық балет, неоклассика және заманауи би элементтері үйлесім тауып, көрерменге ерекше сахналық шешім ұсынады. Спектакль театрдың бас дирижері Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өтеді.

Театр ұжымы жаңа туынды арқылы қазақ халқының тарихи мұрасы мен мәдени құндылықтарын заманауи өнер тілімен таныстыруды мақсат етіп отыр.