Прокуратура «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компанияның заңсыз иелігінен мемлекетке қайтарды, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, 2015 жылы «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің барлық үлесі мен оның негізгі активтері заңсыз түрде жекешелендірілген. Әңгіме Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан, жер аумағы 2 108,3 шаршы метр болатын ғимарат пен жер телімі туралы болып отыр.
Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру туралы шартты және одан кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берген.
Істі қараған кассациялық сот прокуратураның талаптарын толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес, нарықтық құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын актив мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс.
Прокуратура бұл шешім мемлекеттік мүлікті заңсыз иеліктен шығаруға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті.