Freedom Inside '26

Армения мен Өзбекстанның әуе компаниялары Қазақстанға жаңа рейстер ашады

Армения мен Өзбекстанның әуе компаниялары Қазақстанға жаңа рейстер ашады
ашық дереккөз

Қазақстан халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту жұмыстарын жалғастыруда. Маусым айында елімізге Армения мен Өзбекстанның әуе компаниялары жаңа бағыттар бойынша тұрақты рейстер ашады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 12 маусымнан бастап Арменияның FlyOne Armenia әуе компаниясы Қазақстан нарығына шығып, Ереван – Алматы бағыты бойынша тұрақты рейстер орындай бастайды.

Рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде Қазақстан мен Армения арасындағы рейстер саны аптасына 3-тен 5 рейске дейін артады.

Сондай-ақ 13 маусымнан бастап Өзбекстанның My Freighter (Centrum Air) әуе компаниясы Ташкент – Қостанай жаңа бағытын іске қосуды жоспарлап отыр.

Рейстер аптасына бір рет – сенбі күндері Airbus A320 ұшағымен орындалады.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстанның Армения және Өзбекстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жолаушылар үшін халықаралық бағыттардың қолжетімділігі артып, елдер арасындағы қатынас жандана түспек.