Қазақстанда ақылы жолдарда жалған немесе жасырылған мемлекеттік нөмірмен жүретін жүргізушілердің саны азаймай тұр. Жыл басынан бері осындай 2 мыңға жуық заңбұзушылық фактісі анықталған, деп хабарлайды ult.kz.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, кейбір жүргізушілер ақылы жолдың төлемінен жалтару немесе жол қозғалысы ережелерін бұзғанын жасыру үшін түрлі айлаға барады.
Мәселен, жүк көліктерінің кейбіріне мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыратын арнайы құрылғылар орнатылған. Батырма басылған сәтте нөмір көрінбей қалады, нәтижесінде жол бойындағы камералар оны тіркей алмайды.
Мұндай заңбұзушылықтар бойынша барлық ақпарат құзырлы органдарға жолданады. Мамандардың айтуынша, жалған нөмір пайдаланған немесе мемлекеттік тіркеу белгісін әдейі жасырған жүргізушілер заң алдында жауап береді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жаза қолданылып, кей жағдайда көлік құралын басқару құқығынан айыруға дейінгі жауапкершілік қарастырылған.