5,4 шақырым жол жөнделмеді: 78 млн теңге қайда жұмсалған?

5,4 шақырым жол жөнделмеді: 78 млн теңге қайда жұмсалған?
Ақшаға қатысты үздік 20 қанатты сөз

Ақмола облысында ауыл жолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының 78 млн теңгесі мақсатсыз жұмсалған. Бұл дерек Бұланды ауданының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігер ұйыммен Никольское ауылындағы 5,4 шақырым жолды орташа жөндеуге 167,8 млн теңгеге келісімшарт жасасқан.

Жұмыстарды аяқтау мерзімі 2024 жылдың желтоқсанына белгіленген. Алайда осы уақытқа дейін бюджеттен 103 млн теңге төленгенімен, оның 78 млн теңгесіне тиісті жұмыстар атқарылмаған. Тергеу деректеріне сәйкес, аталған қаражат жол жөндеуге қатысы жоқ мақсаттарға жұмсалған.

Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым басшыларына қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қылмыстық іс Ақмола облысының арнайы прокурорларының өндірісіне берілді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді.