Ақтөбеде тұрғындарды қорқытып, несие алдырған қылмыстық топ ұсталды

Ақтөбеде тұрғындарды қорқытып, несие алдырған қылмыстық топ ұсталды
Видеодан скриншот

Ақтөбеде адамдарды қорқытып, ақша бопсалаумен айналысқан жеті адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар жәбірленушіні күшпен несие рәсімдеуге және депозиттегі қаражатын шешіп беруге мәжбүрлеп, 700 мың теңгені иемденген, деп хабарлайды ult.kz.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен арнайы мақсаттағы бөлімшенің қызметкерлері қала тұрғындарын қорқытып, ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер жәбірленушіні «қарызсың» деп негізсіз айыптап, күш қолдану және психологиялық қысым көрсету арқылы ақша талап еткен. Бұған қоса, оны банк арқылы несие рәсімдеуге және депозитіндегі қаражатын шешіп беруге мәжбүрлеген.

Нәтижесінде күдіктілер жәбірленушіден заңсыз жолмен 700 мың теңгені иемденген.

– Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жеті күдіктінің жеке басы анықталып, олар ұсталды. Барлығы ішкі істер органдарына жеткізілді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полицейлер күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Сондай-ақ олардың әрекетінен зардап шеккен өзге азаматтардың бар-жоғы анықталуда.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл маусым айында елімізде тіркелген бопсалау фактілері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға азайған.