Ақтөбеде кәсіпкер 778 млн теңге заңсыз табыс тапқаны үшін сотталды

Ақтөбеде кәсіпкер 778 млн теңге заңсыз табыс тапқаны үшін сотталды
ашық дереккөзден

Ақтөбе облысында «Kazenergy» жеке кәсіпкерлігінің басшысы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, кәсіпкер аумағы 10 мың шаршы метр өндірістік базада тиісті лицензия мен экологиялық рұқсатсыз қауіпті қалдықтарды өңдеп, пеш отынын өндірген.

Шикізат ретінде пайдаланылған майлар, мұнай шламы және құрамында мұнайы бар өзге де қалдықтар қолданылған. Олар нафтамен араластырылып, айналым әдісімен өңделген.

Нәтижесінде 11 миллион литрден астам пеш отыны сатылып, 778 миллион теңге көлемінде заңсыз табыс алынған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, өндірілген отын ұлттық сапа стандарттарына сәйкес келмеген әрі құрамында зиянды химиялық заттар болған.

Сот кәсіпкердің өндірістік нысанын, автокөліктерін және банк шоттарындағы қаражатын тәркілеу туралы шешім шығарды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.