Ақтөбеде ер адамды автокөліктің жүксалғышына күштеп салып әкеткен күдіктілер ұсталды. Олардың әрекеті өзге көліктің бейнетіркегішіне түсіп қалып, жедел іздестіру барысында күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиғаның куәгері 102 арнасына хабарласып, ер адамның күштеп көліктің жүксалғышына отырғызылғанын жеткізген. Бұл сәт жол бойымен келе жатқан көліктің бейнекамерасына да жазылып қалған.
Дабылдан кейін арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері мен полицейлер жедел әрекет етіп, күдіктілер мінген Lexus автокөлігін тоқтатып, оларды ұстады.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға жол үстінде болған жанжал себеп болған.
– Жәбірленуші жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда жүргізушіге ескерту жасаған. Осыдан кейін олардың арасында жанжал туындаған. Кейін күдіктілер жәбірленушінің үйінің маңына келіп, оның сыртқа шығуын күткен. Ол таксиге мінбек болған сәтте жолын бөгеп, күштеп көліктен шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша адам ұрлау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.