Ақтөбеде «емхана қызметкеріміз» деген алаяқтар зейнеткерді 750 мың теңгеге алдап кетті

Ақтөбеде «емхана қызметкеріміз» деген алаяқтар зейнеткерді 750 мың теңгеге алдап кетті
depositphotos.com

Ақтөбеде 70 жастағы зейнеткер интернет-алаяқтардың құрбаны болып, 750 мың теңгесінен айырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, белгісіз адамдар кейуанаға WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар медициналық қызметтерді әрі қарай пайдалану үшін қайта тіркеуден өту қажет екенін айтып, әйелдің телефонына келген SMS-кодты сұратқан.

Арада біраз уақыт өткен соң зейнеткерге өзін eGov порталы мен банк қызметкері ретінде таныстырған тағы бірнеше адам қоңырау шалған. Олар алаяқтардың әйелдің банк шоттарына қол жеткізуге әрекет жасап жатқанын айтып, ақшасын «сақтап қалу» үшін өздерінің нұсқауларын орындауға көндірген.

Алаяқтардың сөзіне сенген кейуана олардың айтқанын орындап, нәтижесінде 750 мың теңгесінен айырылған.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция азаматтарға бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерін бермеуге кеңес береді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері телефон арқылы құпия кодтарды сұрамайтынын еске салды.