Ақтөбе облысында интернет және телефон алаяқтарынан түскен қаражатты криптовалюта арқылы заңдастырған қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Қазіргі уақытта топтың сегіз мүшесі қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті интернет-алаяқтыққа жәрдемдесу, заңсыз кәсіпкерлік, дропперлік қызметті ұйымдастыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ Ақтөбе аумағында азаматтардан телефон және интернет-алаяқтық арқылы жымқырылған қаражатты қабылдап, оны конвертациялау және заңдастырудың тұрақты схемасын ұйымдастырған. Топ құрамында оннан астам адам болған, ал қылмыстық әрекетке 150-ден астам дроппер тартылған.
Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер банк қосымшалары мен криптоәмияндар орнатылған ұялы телефондарды пайдаланып, дропперлердің есепшоттарын қашықтан басқарған. Соның арқасында қаржылық операциялар олардың тікелей қатысуынсыз жүзеге асырылып отырған.
Блокчейнді талдау құралдарының көмегімен құқық қорғау органдары ақшаны жылыстатудың толық тізбегін анықтады. Алдымен жәбірленушілердің қаражаты транзиттік банктік шоттар арқылы өткізіліп, кейін бақылаудағы дропперлердің есепшоттарына аударылған. Одан әрі бұл қаражат криптовалюта платформалары арқылы USDT цифрлық активтерін сатып алуға жұмсалған.
Заңсыз операцияларға заңды сипат беру үшін жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар пайдаланылған. Схеманың соңғы кезеңінде қылмыстық кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейін шетел валютасына айырбасталған.
Қазіргі уақытта еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 120 миллион теңгеден асады.
Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды, тағы екі күдікті үйқамаққа алынды. Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активке тыйым салынды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың 7 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланған болатын.