Freedom Inside '26

Ақтөбеде 100 адам уланып, қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбеде 100 адам уланып, қылмыстық іс қозғалды
Polisia.kz

Ақтөбеде тойдан кейін жаппай улану тіркеліп, 100-ден астам адамнан ішек инфекциясының белгілері анықталды. Оқиға Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен тойдан кейін болған, деп хабарлайды ult.kz.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тергеу нәтижесі бойынша заңға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Дәрігерлерге ішек инфекциясы белгілерімен 102 адам жүгініп, олардың бір бөлігі ауруханаға жатқызылған. 34 науқаста сальмонеллезге күдік тіркелген. Барлық жағдай бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тексеру жүргізіп, зертханалық талдауға сынамалар алынған.