Ақтөбе облысының полицейлері Хромтау қаласында із-түзсіз жоғалған тұрғынға қатысты ауыр қылмысты ашты. Тергеу нәтижесінде ер адамның өлтірілгені анықталып, қылмысқа қатысы бар екі адам сотталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, 2024 жылғы 11 қазанда Хромтау қаласының тұрғыны полицияға жұбайының бір аптаға жуық уақыт бойы үйіне оралмағанын және байланысқа шықпай жатқанын айтып, арызданған.
Хабарлама түскен бойда жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары басталды. Полицейлер жоғалған азаматтың араласатын ортасын анықтап, туыстары мен таныстарынан, көршілері және әріптестерінен жауап алған. Сонымен қатар оның болуы мүмкін орындары тексеріліп, жиналған мәліметтер жан-жақты сараланған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жоғалған азаматтың екі танығын анықтады. Олардың тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде аса ауыр қылмысқа қатыстылығын дәлелдейтін айғақтар табылған. Жиналған дәлелдердің негізінде күдіктілер өз кінәларын мойындаған.
Полицияның мәліметінше, жедел-тергеу тобы мен тергеушілердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қылмыстың барлық мән-жайы анықталып, жеткілікті дәлелдер жиналған. Қылмыстық іс толық тергеліп, заңда белгіленген мерзімде сотқа жолданған.
2025 жылдың ақпанында сот үкімі шықты. Негізгі айыпталушы адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылса, екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға сотталды.
Полиция адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы әрбір өтініш бірден тіркеліп, жедел тексерілетінін еске салды. Сондай-ақ мұндай жағдайларда жоғалған адамдарды іздеуге және ауыр қылмыстарды ашуға барлық қажетті күш пен құрал жұмылдырылатынын атап өтті.