Ақтауда жасөспірімдер мектеп оқушысын аяусыз соққыға жығып, оны видеоға түсірген

Ақтауда жасөспірімдер мектеп оқушысын аяусыз соққыға жығып, оны видеоға түсірген
видеодан скриншот

Ақтауда жергілікті тұрғын Ақтоты Ахметқызы 14 жастағы інісінің екі жасөспірімнің қатыгез шабуылына ұшырағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілер баланы аяусыз ұрып-соғып, болған оқиғаны видеоға түсіріп, кейін жазбаны оның досына қорқыту мақсатында жіберген. Қазір зардап шеккен жасөспірім басынан алған жарақатына байланысты облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Lada.kz-ке сілтеме жасап ult.kz.

Ақтоты Ахметқызының айтуынша, 4 тамыз күні таңертең інісі 32А шағынаудандағы №10 үйдің жанындағы дүкенге шыққан. Сол кезде оған шамамен 16-17 жастағы екі жасөспірім жақындаған.

Олардың айтуынша, күдіктілер баладан телефоны арқылы сол үйде тұратын досына қоңырау шалып, сыртқа шығуын сұрауды талап еткен.

Алайда мектеп оқушысы бұдан бас тартқан соң, жасөспірімдер оны соққыға жығып, болған жайтты оның телефонына видеоға түсірген. Кейін бұл жазбаны досына жіберіп, «Егер сыртқа шықпасаң, досыңның да күні осылай болады» деп қорқытқан.

«Бұл адамшылыққа жат әрекет. Осындай қатыгездікпен олар ертең адам өлтіруге дейін баруы мүмкін», – дейді Ақтоты Ахметқызы.

Оның сөзінше, оқиғадан кейін күдікті жасөспірімдер аналарының қатысуымен 32В шағынауданындағы №8 үйде орналасқан полицияның тірек пунктіне жеткізілген.

«Олар кінәсін мойындамады. Оның үстіне, полиция қызметкерлерінің көзінше олардың бірі: "Иә, мен ұрдым. Қажет болса тағы да ұрамын. Не істей аласың?" деп айтып, бізге де агрессивті мінез көрсетті», – дейді ол.

Зардап шеккен бала Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, компьютерлік томография және басқа да медициналық тексерулерден өткен. Әпкесінің айтуынша, дәрігерлер оның басынан ауыр жарақат анықтап, шұғыл түрде ауруханаға жатқызған.

Сондай-ақ Ақтоты Ахметқызы полицияның тірек пунктінде олардың арызы бірден қабылданбағанын айтты. Оның сөзінше, бірнеше сағаттан кейін ғана олар қалалық полиция басқармасына ресми түрде арыз бере алған.

«Біз полициядан, прокуратурадан, денсаулық сақтау басқармасынан және әкімдіктен бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмай, кінәлілерге заң аясында ең қатаң шара қолдануды сұраймыз. Егер бүгін олар адамды ұрып-соқса, ертең одан да ауыр қылмысқа баруы мүмкін. Егер дәл қазір тоқтатылмаса, ертең тағы бір бала зардап шегуі ықтимал», – деді ол.