Ақтауда ашуға булыққан жігіт қызға зорлық жасайтынын айтқан (ВИДЕО)

Ақтауда ашуға булыққан жігіт қызға зорлық жасайтынын айтқан (ВИДЕО)
Фото: видеодан кадр

Ақтауда жігіт пен қыздың қатысуымен болған жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Оқиға 2 тамыз күні таңертең қала көшелерінің бірінде болған, деп хабарлайды ult.kz.

Желіде тараған бейнежазбадан ер адамның бойжеткенді жібермей, күштеп ұстап тұрғаны көрінеді. Қыз қарсылық білдіріп, құтылуға әрекеттенген сәтте ер адам оған қоқан-лоқы көрсетіп, зорлайтынын айтып қорқытқан деген ақпарат тарады.

Кейін бойжеткен көшеге қарай жүгіріп қашады. Оның соңынан жейдесін шешіп тастаған ер адам қуа жөнелген. Осы сәтті көрген бірнеше жүргізуші көліктерін тоқтатып, қызға көмекке ұмтылған.

Қыз көліктердің біріне мініп үлгергенімен, ер адам көліктің есігін жібермей, оны алып кетуге кедергі келтірмек болған. Алайда оқиға куәгерлері мен жүргізушілер бойжеткенге араша түсіп, оны қауіпсіз жерге жеткізуге көмектескен.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.