CNN мәліметінше, жексенбі күні әлемдік нарықта мұнай бағасы айтарлықтай арзандады. Brent маркалы мұнайдың құны 3,9 пайызға төмендеп, барреліне шамамен 84 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 4,8 пайызға арзандап, 81 доллар деңгейіне түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Егер баға осы шамада сақталса, бұл көрсеткіш 4 наурыздан бергі ең төменгі деңгей ретінде тіркелмек.
Басылымның жазуынша, мұнай бағасы Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейген алғашқы аптадан бері алғаш рет барреліне 90 доллардан төмен түсті. Дегенмен сарапшылар бағаның АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары басталғанға дейінгі, яғни барреліне 70 доллардан төмен деңгейге жақын арада орала қоюы екіталай екенін айтады.
Мамандардың пікірінше, қазіргі төмендеу ұзақ мерзімді үрдіске айналмауы мүмкін. Әлемдік сұраныстың қайта артуы және стратегиялық мұнай қорларын толықтыру жұмыстары басталған жағдайда, мұнай бағасы қайтадан өсуі ықтимал.