Ақмола облысының Целиноград ауданында дәрігерлердің дер кезінде дұрыс диагноз қоймауы салдарынан денсаулығына едәуір зиян келген тұрғын сот арқылы емханадан 1,6 млн теңгеден астам өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Ақмола облыстық соты хабарлады.
Оқиға былтыр шілдеде болған. Тұрғын аудандық емханаға бас ауруы, жөтел, мұрынның бітелуі, дене қызуы және иықтың ауырғанына шағымданып барған. Дәрігерлер оған ЖРВИ, жедел назофарингит, созылмалы бронхиттің асқынуы және полисегментарлық пневмония диагноздарын қойған.
Алайда бірнеше күннен кейін науқастың жағдайы жақсармаған. Керісінше, қолдары мен иық буындары ауырып, ісік пайда болған. Осы шағыммен қайта барған кезде дәрігер оған ревматоидты артрит диагнозын қойып, травматологқа қаралуға кеңес берген.
Травматолог иық буыны байламдарының созылуы және шамадан тыс күш түсуі деген диагноз қойған. Кейін емхана дәрігері де осы диагнозды қайталаған.
Арада бір апта өткенде науқастың жағдайы күрт нашарлап, оны Астана қаласындағы ауруханаға жатқызуға тура келген. Астаналық дәрігерлер шұғыл ота жасап, науқастың денесінен 1,5 литр ірің шығарған.
Істі қараған сот емхана дәрігерлерінің салғырттығы салдарынан науқастың денсаулығына едәуір зиян келгенін анықтады.
Бірінші сатыдағы сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Емхана науқасқа 700 мың теңге моральдық зиян үшін өтемақы және ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз болғандықтан жоғалтқан 914 мың теңге табысын өтеуге міндеттелді.
Осылайша, емхана тұрғынға жалпы 1 млн 614 мың теңге төлеуі тиіс.