Ақмола облысында жолаушылар пойызы 13 бас малды қағып кетті

Ақмола облысында жолаушылар пойызы 13 бас малды қағып кетті
мұрағат

Ақмола облысында Петропавл – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы теміржолға шығып кеткен 13 бас малды қағып кетті. Машинист шұғыл тежеу қолданғанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Ақмола облысындағы Макинка – Елтай аралығындағы теміржол учаскесінде болған. Бұл туралы ІІМ Көліктегі полиция департаменті хабарлады.

Петропавл – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржол бойында ұсақ малды байқап, шұғыл тежеу қолданған. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, пойыз 13 бас малды қағып кеткен.

Оқиға салдарынан пойыз 9 минутқа тоқтатылды.

Кейін көлік полициясы малдың иесін анықтады. Ол – Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны.

Ер адам теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері пойыздардың 1005 рет шұғыл тежелу фактісі тіркелген. Оның 746 жағдайы ауыл шаруашылығы жануарларының теміржол жолдарына шығып кетуіне байланысты болған.

Көлік полициясы теміржол маңында малды қараусыз жаю пойыздардың қозғалысы мен жолаушылардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін ескертті.

Ведомство азаматтарды малды теміржолға жақын аумақта қараусыз қалдырмауға шақырды.