Аңызға айналған «Қыз Жібек» қамзолы музейге қайтарылады

Аңызға айналған «Қыз Жібек» қамзолы музейге қайтарылады
Видеодан скриншот

«Қыз Жібек» фильмінде қолданылған қамзолдың кейінгі тағдыры белгілі болды. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Үкімет кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған музейдегі барлық жәдігерлерді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вице-министр бұл бұйымның қазақ кино тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.

«Қыз Жібек» фильмінде киілген қамзол — Қазақстан кинематографиясы мен жалпы қазақ кино өнері үшін аса құнды жәдігер. Қазір бұл мәселеге қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Біз Меруерт Өтекешовамен сөйлестік, ортақ келісімге келдік. Фильмдегі барлық костюмдер толық жинақталғаннан кейін олар «Қазақфильм» музейіне табысталады. Бұл ұсынысты Меруерт Өтекешованың өзі де қолдады,  деді ол.

 

Сондай-ақ вице-министр болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін «Қазақфильм» қорындағы барлық киім-кешек пен реквизиттер цифрландырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл — отандық кино тарихында қолданылған маңызды мәдени мұралар, енді оларды жүйелі түрде бақылап, есепке алу мүмкін болады.

Айта кетейік, бұған дейін «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолдардың бірі музей қорында сақтаулы екені хабарланған болатын.