Жақында анасынан айырылған тележүргізуші Анна Данченко ауыр сәтте қолдау көрсеткен продюсер Баян Мақсатқызына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Аннаның айтуынша, Баян Мақсатқызы қаралы күндері оған моральдық қана емес, материалдық тұрғыдан да көмек қолын созған. Продюсер жерлеу рәсіміне кететін шығынды ескеріп, қомақты қаражат аударған.
"Өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірінде көрсеткен жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Екеуміз ұзақ уақыт бірге жұмыс істемесек те, сіздің адами қасиеттеріңізді әрдайым бағалайтынмын. Ал дәл қазір оны бұрынғыдан да терең сезіндім", – деп жазды Анна Данченко.
Тележүргізуші күтпеген жерден көрсетілген мұндай қолдаудың өзін ерекше толқытқанын жасырмады. Оның сөзінше, Баян Мақсатқызынан қомақты қаражат түскенін көргенде көзіне жас алған.
"Ақша үшін емес, сізден мұндай қамқорлықты мүлде күтпегендіктен жыладым. Мен ешқашан өзгеден көмек күтуді немесе сұрауды әдетке айналдырған емеспін. Ата-анам бала кезімнен қиындықтарды өз күшіммен еңсеруге үйретті. Сондықтан бұл әрекетіңіз жүрегіме қатты әсер етті. Кейде бір ғана іс адамның жүрегі туралы мыңдаған сөзден артық айтады", – деді ол.

Анна Данченко жақынынан айырылғаннан кейін айналасындағы адамдардың шынайы жанашырлығы мен мейірімінің қадірін бұрынғыдан да терең түсіне бастағанын жеткізді.
Айта кетейік, Анна Данченко анасының қазасынан кейін жан сырын ақтарды.
Анна Данченко кім?
Анна Данченко - қазақстандық тележүргізуші, журналист, продюсер және оқытушы. Ол Қызылорда облысының Арал қаласында өскен. Телевизиядағы еңбек жолын 2006 жылы Ақтөбедегі «РИКА ТВ» арнасында «Арайлы таң» бағдарламасының жүргізушісі ретінде бастаған. Кейін «31 арнада» журналист, «Информбюро» жүргізушісі, продюсер және бірқатар авторлық жобалардың жүргізушісі болып еңбек етті.
2019 жылдан бері Anna Danchenko Production компаниясының негізін қалаушы әрі продюсері. «Жұлдызды шаңырақ», «Қызықты Weekend» секілді жобалар арқылы көрерменге танымал. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап «Бірінші арна Еуразиядағы» QosLike бағдарламасын жүргізеді. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысады.
Анна Данченко қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Ол филология бойынша магистратураны үздік тәмамдап, кейін докторантурада білім алған. Телевизия және медиа саласында шамамен 20 жылдық тәжірибесі бар.