Бұған дейін әлеуметтік желіде автобуста жас қыз бен егде жастағы әйелдің жанжалдасып, кейін төбелесіп қалған сәті түсірілген видео тараған еді. Кадрлар желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, оқиғаға қатысты әртүрлі пікір айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
Алайда кейін оқиғаның толық нұсқасы түсірілген жаңа видео жарияланды. Егде жастағы әйелдің баласы анасының әрекетін біржақты бағаламауды сұрап, оқиғаның бастапқыда тараған қысқа видеода толық көрсетілмегенін айтты.
Оның сөзінше, әлеуметтік желіге алдымен жанжалдың тек бір бөлігі ғана тараған. Сол себепті көпшілік жағдайдың қалай басталғанын білмей, егде әйелді кінәлаған.
«Анамды кінәламаңыздар, оқиға басқаша болды. Ол кінәлі емес», – деп жазған ол.
Егде әйелдің баласы желі қолданушыларын оқиғаның толық видеосын көріп, мән-жайын түсінбей тұрып тараптардың біріне қатысты нақты пікір білдірмеуге шақырды.
Бұған дейін тараған кадрларда автобустың ішінде екі жолаушының сөзге келіп, артынша жанжалдың төбелеске ұласқаны көрінеді. Оқиғаға куә болған адамдардың бірі де әлеуметтік желіде жағдай туралы жазба жариялаған.