Алтын, сынап және қару: Ақмола облысында заңсыз өндіріс орны анықталды

Алтын, сынап және қару: Ақмола облысында заңсыз өндіріс орны анықталды
egemen.kz

Ақмола облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан топтың қызметі әшкереленіп, алтын өңдеуге арналған жасырын цех анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында заңсыз өндіріс орнын анықтады.

Ведомствоның мәліметінше, жасырын цехта құрамында алтыны бар кен өңделіп, одан бағалы металдар бөлініп алынған.

Тінту барысында кенді ұсақтауға және балқытуға арналған арнайы жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша тәркіленді.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары тінту кезінде қару мен оқ-дәрілерді де анықтады.

Қазіргі уақытта заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлғалар мен заңсыз өндірілген бағалы металдардың нақты көлемі анықталып жатыр.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат қамауға алынды. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.