Француз тарихшысы Мари Фаверо Астанада «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты кітабының қазақ тіліндегі нұсқасын таныстырды, деп хабарлайды ult.kz.
10 қыркүйекте Астанадағы «Cassackia» галереясында өткен кездесуде автор Алтын Орда тарихына тоқталып, Еуразиядағы саяси, экономикалық және дипломатиялық байланыстардың қалыптасуындағы дала империяларының рөлі туралы баяндады.
Мари Фаверо өз еңбегінде Жошы ұлысының тарихын ортағасырлық Еуразия тарихы аясында зерттеген. Кітапта көшпелілер мәдениетінің тарихи мұрасы, сондай-ақ дала империяларының халықаралық сауда мен дипломатиялық байланыстардың дамуына ықпалы қарастырылады.

Фото: Францияның Астанадағы Елшілігінің баспасөз атташесі
Француз тарихшысы Мари Фаверо өз сөзінде:
«Бұл еңбектің қазақ тіліне аударылуы ғылыми зерттеулер мен білім сабақтастығына септігін тигізеді. Сондай-ақ қазақстандық оқырмандардың Алтын Орда тарихын толық әрі тұтас нұсқада оқуына мүмкіндік береді. Бұл — Алтын Орданың ішкі болмысын, атап айтқанда, оның құрылымы мен басқару жүйесін, шаруашылығы мен әлеуметтік жағдайын басты өзек еткен алғашқы еңбек.
Франция Елшілігі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы бірлескен бастамаларымыз аясында осынау құнды еңбектің жарық көруіне үлкен қуанышпен қолдау көрсетті», — деді тарихшы.
Оның айтуынша, кітапты дайындау халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі болған. Зерттеу барысында ол көптеген елдерге, соның ішінде Қазақстанға да барып, әріптестерімен жұмыс істеген.

Фото: Францияның Астанадағы Елшілігінің баспасөз атташесі
Кездесуді Қазақстандағы «Steppe & World» баспасы мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі қолдады.
Қазақстандағы Франция елшілігінің қолдауымен «Steppe & World» баспасы кітаптың қазақ тіліндегі 1 мың данасын шығарған. Елшілік жастарға арналған ғылыми еңбектер мен басқа да басылымдарды қазақ тіліне аударып, жарыққа шығаруға жыл сайын қолдау көрсетіп келеді екен.

Фото: Францияның Астанадағы Елшілігінің баспасөз атташесі
Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиоге кітаптың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық оқырмандарға Алтын Орда тарихын толық нұсқада оқуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бұл кітапты шығару баспамыздың еншісіне бұйырған бақ, үлкен жауапкершілік. Төл тарихымыз зерттелген «Алтын Орда» кітабын қазақ оқырманының қолына жеткізуді баспагерлік борышым деп білдім. Өйткені бұл кітапты әр қазақ оқуы керек», — деді елші.
Мари Фаверо 2004 жылы Сорбоннадағы Париж университетінде тарих ғылымы бойынша диссертация қорғаған. Кейін Француз шығыс археологиясы институтында, Лейден және Оксфорд университеттерінде жұмыс істеген.
2021 жылы оның «The Horde. How the Mongols Changed the World» атты кітабы жарық көрді. Еңбек француз тілінде 2023 жылы, ал қазақ тілінде 2026 жылы басылып шықты.