Ұлттық парк аумағында жабайы табиғаттағы ерекше сәт фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды ult.kz.
«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір суаттың басында бүркіт пен қарақұйрықтар қатар жүрген сәт тіркелді.
Кадрда жыртқыш құс пен қарақұйрықтардың бір-біріне жақын тұрғанына қарамастан, жануарлардың айтарлықтай алаңдамағаны байқалады.
Бүркіт қарақұйрықтың жас төлдеріне қауіп төндіруі мүмкін жыртқыштардың бірі саналады. Ал қарақұйрықтар мұндай құстан әдетте сақ жүреді. Сондықтан олардың бір суат басында қатар кездесуі ерекше назар аудартты.
Мамандардың пікірінше, бұған жазғы аптап пен суға деген қажеттілік әсер етуі мүмкін. Қатты ыстық кезінде суаттар шөлейттегі жануарлар үшін аса маңызды орынға айналады. Мұндай жағдайда су ішу қажеттілігі табиғи сақтықтан басым түсуі ықтимал.
Осылайша, фототұзақ «Алтын-Емелдің» жабайы табиғатындағы тосын кездесудің үнсіз куәгеріне айналды.