Алматының Әуезов ауданында Жұбанов көшесі абаттанып, Qadam саябағы салынып жатыр

Алматының Әуезов ауданында Жұбанов көшесі абаттанып, Qadam саябағы салынып жатыр
Алматы әкімдігі

Әуезов ауданында қазан айының соңына дейін 11 көп қабатты тұрғын үйдің қасбетін жөндеп, 10 аулаға күрделі жөндеу жүргізіп, жаңа Qadam саябағын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауданда тұрғын үй қорын жаңарту жұмысы да жалғасын тауып, Жұбанов көшесінде қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы аяқталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Абзал Егембердиев осы жұмыстың аяқ алысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.

Ауданда 1 917 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның 797-сі 1960–1970 жылы салынған. Аудан басшысының айтуынша, қазір Абай даңғылының бойындағы 11 үйдің қасбеті қоса жөнделіп жатыр екен.

«2023–2029 жылға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 2026 жылға 40 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен инженерлік желісіне күрделі жөндеу жүргізу мәселесі пысықталды. Тағы 19 үйде лифті ауыстыру жағын да қоса қарастырдық. Бұл жұмыс негізгі конструкциялары мен коммуникацияларын жаңартуды қажет ететін үйлерді қамтиды», – деп баяндады аудан әкімі Абзал Егембердиев.

№5 шағын аудан мен Ақсай-4 ықшам ауданындағы 10 аула аумағына күрделі жөндеу жұмысы қыркүйек айында басталды. Жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтауды ойластырып отыр.

«Биыл 135 аула ішінара жөнделді. Футбол мен баскетбол алаңының қоршауы мен жабындары, балалар мен спорт алаңының жабыны жөнделіп, шағын сәулет нысандары орнатылды. Бұл ауданның әр бөлігіндегі аулаларды кезең-кезеңімен ретке келтіруге мүмкіндік береді», – дейді аудан әкімі.

Аяқталған жобаның бірі – құны 2,603 млрд теңгені құраған Жұбанов көшесін абаттандыру жұмысы. Мұнда балалар мен спорт алаңы жаңартылып, көше жиһаздары орнатылды, жарықтандыру тіректері ауыстырылып, жаңалары қойылды. Сондай-ақ жасыл желектер егілі, автоматты суару жүйесі қойылды.   

Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тағы 29 жоба жүзеге асырылды. Оның алтауы қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, тағы 23-і аула аумақтарын жаңартуға бағытталған.

«Qadam саябағы Сайын мен Ұлықбек көшесінің қиылысында, аумағы 0,35 гектар болатын бұрынғы автотұрақтың орнында салынып жатыр. Мұнда түрлі табиғи жабындардан тұратын тактильді аллея, балалар алаңы, жүгіру жолы, сырғанау мен паркур аймақтары, серуендеуге арналған кеңістік пен көгалдандыру жағы қарастырылған. Орталық элемент ретінде субұрқағы, жарықтандырылуы және “Болашаққа қадам” деген жазуы бар аркалы композиция орнатылады», – деп толықтырды сөзін Абзал Егембердиев.