Алматыда денесі өртенген күйде табылған полиция қызметкерінің өліміне қатысты тергеуде жаңа деректер пайда болды. Бұған дейін бұл іс бойынша марқұмның жұбайы мен бір ұлы күдікке ілінгені хабарланған болса, енді бейресми мәліметтерге сәйкес, екінші ұлы да күдіктілер қатарында, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу нұсқасы бойынша, қайғылы оқиға болған күні полиция қызметкері үйіне кеш оралған. Осыдан кейін отбасында жанжал туындаған.
Тime.kz сайтының жазуынша, марқұмның жұбайы бұрын полиция қызметінде болған, алайда биыл ақпан айында жұмыстан кеткен. Сондай-ақ жақындарының айтуынша, ер адам отбасында жиі жанжал шығарып, әйеліне күш көрсеткен болуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратқа қатысты ресми растау жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал кезінде үйде ерлі-зайыптылардың 15 жастағы екі ұлы (олардың бірі асырап алынған болуы мүмкін) және 14 жастағы досы болған. Тергеу болжамына сәйкес, жасөспірімдердің бірі марқұмның басынан қатты затпен соққы жасаған.
Бейресми ақпаратқа сәйкес, марқұмның жұбайы, екі ұлы және 14 жастағы жасөспірім Алматы облысы Талғар аудандық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейбір мәліметтерде олардың күдікті мойындағаны айтылғанымен, бұл ақпаратты құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ.
Істі тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылуы мүмкін. Себебі оқиға Алматы қаласында болғанымен, мәйіт Алматы облысының аумағынан табылған.
Айта кетейік, бұл қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу жалғасып жатыр, ал істің түпкілікті мән-жайы мен күдіктілердің кінәсі сот шешімімен ғана анықталады.