Алматыда трансұлттық қылмыстық топтың киллері ұсталды

Алматыда трансұлттық қылмыстық топтың киллері ұсталды
Видеодан скриншот

Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары бірлескен арнайы операция жүргізіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды ult.kz.

Ішкі істер министрлігінің  мәліметінше, тергеу өткен жылы Ыстанбұлда Қазақстан азаматының оққа ұшуынан кейін басталған. Қазақстан, Түркия және Грузия полицейлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар екі адам ұсталып, кейін кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталған.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, тергеу барысында алынған ақпарат Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы қылмыстық топтың Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берген.

Атап айтқанда, 2025 жылғы тамызда Алматыда қала тұрғынын өлтіруге оқталған қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталған. Бұл іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.

Сонымен қатар Қазақстан, Түркия және Грузия аумағында кезең-кезеңімен жүргізілген арнайы операция барысында Алматыда аталған қылмыстық құрылымның бірнеше мүшесі қолға түсті. Тергеу мәліметінше, олар қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Сондай-ақ Грузияда да трансұлттық қылмыстық құрылыммен байланысы бар және бірнеше ауыр қылмысқа қатысы болуы мүмкін күдіктілер ұсталды.

Қазір құқық қорғау органдары белгілі болған барлық қылмыстық деректер бойынша дәлелдемелер жинап, іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтап жатыр. Сонымен қатар топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.