Алматыда тұрғын үйдің бір пәтерінен интимдік қызмет көрсететін орын анықталды. Бұл туралы 5 қазанда қалалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияға тұрғын үйдегі күмәнді қызмет туралы ақпарат «102» арнасына түскен. Оқиға орнына «Буран-220» патрульдік экипажы барған.
Полиция қызметкерлері жалға алынған пәтерден 20-35 жас аралығындағы төрт әйелді анықтаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, олардың әрқайсысының өз міндеті болған. Бірі әкімшілік жұмыстармен айналысса, екіншісі тапсырыстар қабылдаған. Қалған екі әйел интимдік қызмет көрсеткен болуы мүмкін.
Тексеру барысында әйелдердің барлығы Қазақстанның әр өңірінен Алматыға келгені анықталған. Оларды барлық мән-жайды анықтау үшін Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізді.
Қазір полиция әйелдердің жеке басын анықтап, аталған орынның ықтимал ұйымдастырушылары мен иелерін іздестіріп жатыр.
Тексеру аяқталғаннан кейін оқиғаға құқықтық баға беріледі.