Журналист Руслан Өтепбайға марқұмның әжесі сұхбат берді, деп хабарлайды ult.kz.
Ол қылмыскерді 15 пайыз ғана түсінетінін, немересін жануар өлтіргендей пышақтап тастағанын айтып жылады.
«6-сыныптың қызы екеуін төбелестіріп қарап отырған. Ол кішкентай қыз ғой. Ол сабақ оқу керек. Қылмыскер бала мен сені былай жеңбесем демек басқаша жеңем деп өлтірген ғой», - дейді марқұмның әжесі.
Руслан Өтепбай бағдарламаның толық нұсқасы бүгін шығатынын айтты.
“12 жастағы баланы кім және неге өлтірді? 10 маусым күні Алматы қаласында 12 жастағы бала көз жұмды. 6 сынып оқушысын өзінен бір жас үлкен жеткіншек 9 рет пышақтаған. Салдарынан, кішкентай бала оқиға орнында жан тапсырды. 12 жастағы Абылайханның өліміне кім кінәлі?
Күдіктілер не дейді? Қандай ойындар бала психикасы үшін қауіпті?», - деп жазды журналист.
Алдын ала деректерге сәйкес, жасөспірімге бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Жарақат салдарынан бала оқиға орнында көз жұмған.
Полиция мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім ұсталған. Ол марқұммен бұрыннан таныс болған және екеуі бір ортада жүргені айтылған. Тергеу нұсқасы бойынша, қайғылы жағдай балалар арасындағы жанжалдың ушығуынан болған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайы тергеліп жатыр. Сондай-ақ күдіктінің ата-анасының жауапкершілігі де қарастырылуда.