Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың базасында Қазақстандағы алғашқы аудиологиялық скринингті сүйемелдеу бойынша трекинг-орталық ашылып, есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімін енгізу басталды. Жоба Сурдология бойынша құзырет орталығының базасында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа жүйе «Мен естимін» пилоттық жобасы аясында сынақтан өтіп, тиімділігін дәлелдеді. Жоба Алматыдағы үш перзентхана, үш алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы және екі сурдологиялық кабинетті қамтыған.
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, алдағы уақытта қаладағы барлық перзентхана мен алғашқы медициналық көмек ұйымдары осы жүйеге кезең-кезеңімен қосылады. Бұл балалардың есту қабілетіндегі ақауларды ерте анықтап, оларды үздіксіз бақылау мен емдеудің бірыңғай тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Мен естимін» жобасы нәрестені алғашқы аудиологиялық скринингтен бастап диагноз қою, емдеу, есту аппараттарымен қамтамасыз ету және оңалту кезеңдерінің барлығын қамтиды. Оның негізгі бөлігі – трекинг-орталық. Орталық нақты уақыт режимінде скрининг нәтижелерін қабылдап, «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қосымша тексерулерді ұйымдастырады және есту қабілеті бұзылған балаларды тұрақты сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Жүйенің алғашқы нәтижелері де белгілі болды. 2026 жылдың басынан бері 11 баланың толық естімейтіні ерте кезеңде анықталып, олардың барлығына кохлеарлық имплантат орнатылды. Қазір балалар оңалту курсынан өтіп жатыр.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын 90 мыңнан астам бала аудиологиялық мониторингтен өтеді деп жоспарланған. Бұл нәрестелердегі ауыр есту бұзылыстарын дер кезінде анықтап, емдеуді ерте бастауға жол ашады.
Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектер туралы мәліметтерді біріктіретін бірыңғай тіркелім енгізіледі. Бұл пациенттерді диагностикадан бастап емдеу мен оңалтуға дейін үздіксіз бақылауға мүмкіндік беріп, мамандандырылған көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жыл басынан бері №5 қалалық клиникалық аурухананың Сурдология бойынша құзырет орталығы МӘМС аясында есту қабілетін жақсартуға бағытталған 200-ден астам операция жасап, 400-ден астам адамға есту аппараттарын алуға жолдама берген. Қазір орталыққа Қазақстанның барлық өңірінен пациенттер жүгінеді, олардың 58 пайызы – Алматы қаласының тұрғындары.