Алматыда ер адам әйелінің анасына жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді. Оқиға жәбірленушінің қызы полицияға арыз бергеннен кейін белгілі болған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 17 тамызда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті 1961 жылы туған енесінің үйіне «шай ішуге» барған. Кейін оның әйелдің дәрменсіз жағдайын пайдаланғаны және жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасағаны болжанып отыр.
Жәбірленуші үш жыл бұрын ауыр жол-көлік оқиғасына түскен. Содан бері денсаулығында бірқатар қиындық бар. Оның қызының айтуынша, анасы денсаулығына қарамастан үш баласын тәрбиелеп отыр. Балаларының бірінің ерекше қажеттілігі бар.
Оқиғадан кейін әйелдің қызы күйеуінің үстінен полицияға арыз түсірген.
Бұған дейін қылмыстық істің қаралуы созылып кеткені туралы ақпарат тараған. Бұған сот-медициналық сараптамаға қатысты құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі, сондай-ақ полиция мен сарапшылар арасындағы бюрократиялық мәселелер себеп болғаны айтылған.
Осыған байланысты қоғам белсенділері Алматы қаласының прокуратурасы мен заңгерлерді істің заң талаптарына сай қаралуын бақылауға шақырды.
Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденген жоқ. Тергеу нәтижесі мен сот шешімі оның кінәсін анықтайды.