Алматыда атышулы JAN Production киностудиясының директоры екі айға қамауға алынды. Оған жүздеген ата-ананы алдап, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ult.kz. Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл киностудия балаларды киноға түсіруге уәде етіп, қомақты қаражат жинаған. Алдымен кастинг жариялап, орталыққа келген барлық балаға "басты рөлді сомдайсың" деп уәдені үйіп-төккен. Ұл-қызын жұлдыз қылғысы келген ата-аналар келісімшартқа отырып, әрқайсысы бір жарым миллион теңгеден санап беріпті. Алайда елге танымал актерлермен киноға түсіріп, қызыл кілеммен жүргіземіз деген уәде сол күйі орындалмаған. Қазір полицейлер бұл іске қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ал сан соғып қалдық дегендер киностудияның жарнамасына түскен танымал актерлерді де қылмыстық жауапқа тартуды талап етуде.
“Қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл іске қатысы бар күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамау тағайындалып отыр. Қазір ол тергеу изоляторында. Тергеу жалғасады”, – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.