Алматыда әйелі денесін өртеген полицей ісіне қатысты тергеу аяқталды

Алматыда әйелі денесін өртеген полицей ісіне қатысты тергеу аяқталды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Алматыда 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. Іс материалдары сотқа жолдау мәселесін шешу үшін прокуратураға тапсырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның хабарлауынша, тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі, яғни ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру дерегі бойынша жүргізілген. Алайда тергеу құпиясына байланысты Ішкі істер министрлігі оқиғаның өзге мән-жайларын жария етпеді.

Қайғылы оқиға 23 маусымда Алматы облысында болған. Көкпек – Көктал – Кеген тасжолының 52-шақырымында мал бағып жүрген тұрғын өртенген адамның мәйітін байқап, құқық қорғау органдарына хабарлаған. Кейін марқұмның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл болып қызмет атқарған Аслан Әлсеров екені белгілі болды. Оның оң қолынан арқанның қалдықтары табылған.

Тергеу болжамына сәйкес, ер адам Алматыдағы отбасылық пәтерінде өлтірілген. Кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйіт қала сыртындағы шамамен 300 шақырым қашықтықта орналасқан таулы аймаққа жеткізіліп, өртелген.

Аталған іс бойынша марқұмның жұбайы мен 14 жастағы ұлы күдікке ілінген. Белгілі болғандай, Әлсеровтің әйелі бұрын полиция қатарында қызмет атқарған. Ерлі-зайыпты 15 жыл отасып, жеті бала тәрбиелеген.

Бастапқыда қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген. Алайда тергеу барысында іс ауырлататын мән-жайларда жасалған адам өлтіру ретінде қайта сараланған.

Аталған баптың 2-бөлігі бойынша ересек адамға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты жаза тағайындаудың бөлек талаптары қолданылады.

Қазіргі уақытта іс прокуратураның қарауына берілген. Күдіктілердің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденген болып есептелмейді.

Айта кетейік, Өртенген полицейдің отбасылық құпиясы мәлім болды. 

Алматыда полицейді өлтіру ісі: бұған дейін қандай мәліметтер белгілі болды?

- 24 маусым - Полицейдің мәйіті табылып, әйелі мен ұлы ұсталды

Алматы облысының Кеген ауданында 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өртенген мәйіті табылды. Құқық қорғау органдары марқұмның жұбайы мен 14 жастағы ұлы ұсталғанын растады. Сол күні полицейдің жерленгені де хабарланды.

- 26 маусым - Күдіктілер саны артқаны хабарланды

Қылмыстық іс бойынша күдіктілер саны көбейгені белгілі болды. Бұған дейін марқұмның әйелі мен 14 жастағы ұлы күдікке ілінген еді. Кейін тергеу аясында басқа да адамдардың аты атала бастады. Олардың қатарында кәмелетке толмаған жасөспірімдер де болған.

- 30 маусым - Ерлі-зайыптылардың бұрынғы сұхбаты тарады

Аслан мен Арайлым Әлсеровтердің екі жыл бұрын “Қайырлы таң, Қазақстан” бағдарламасына қатысқаны белгілі болды. Ерлі-зайыптылар жеті бала тәрбиелеп отырған отбасы ретінде таныстырылып, қызметі мен отбасылық өмірі туралы әңгімелеген.

- 2–12 шілде - Марқұмның әріптестері пікір білдірді

Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптестерінің бірі оның қылмыстық полициядағы қызметі туралы айтып берді. Осы кезеңде отбасында болған жанжалға қатысты түрлі болжамдар тарады. Алайда оқиғаның нақты себептері ресми түрде расталмады.

- 15 шілде - Жасөспірімдердің адвокаттары мәлімдеме жасады

Іске қатысы бар жасөспірімдердің қорғаушылары тергеу барысына қатысты пікір білдірді. Адвокат Ғалым Нұрпейісов жасөспірімдердің бірінің оқиға болған үйге ойын ойнауға барғанын айтты.

Сондай-ақ қорғаушы алғашқы жауап алу кезінде адвокат болмағанын мәлімдеп, тергеу әрекеттеріне қатысты шағымын жеткізді. Сол кездегі ақпарат бойынша, үш жасөспірім үйқамақта болған.

- 8 қазан - Тергеу аяқталып, іс прокуратураға жолданды

Алматы қалалық полиция департаменті Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлады.

Бастапқыда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалған іс кейін осы баптың 2-бөлігіне, яғни ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру дерегіне қайта сараланған.

Қылмыстық іс материалдары прокуратураға берілді. Күдіктілердің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденген болып есептелмейді.