Алматыда 5 мыңнан астам студентке жатақханадан орын жетіспейді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
"Астана" арнасының хабарлауынша, Министр келесі оқу жылынан бастап студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету процесі толық цифрландырылып, өтініш беру мен орын бөлу электронды форматқа көшірілетінін айтқан.
«Былтыр елімізде 10 мыңға жуық төсек-орын берілді. Биыл 18 жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр. Оларда жалпы 6 857 төсек-орын болады», – деді Саясат Нұрбек.
Министр жаңа жатақханалардың студенттердің қазіргі сұранысына сай салынып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жатақхана құрылысына қойылатын талаптар да күшейтілген.
Мәселен, Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің жанынан екі жаңа жатақхана салынуда. Олар 1,5 мыңнан астам студентті орналастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, министрлік студенттерді жатақханамен қамту мәселесін кезең-кезеңімен шешуді көздеп отыр.