Алматы хайуанаттар бағының ең танымал тұрғындарының бірі – Фидель есімді кубалық қолтырауын 40 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
1986 жылы дүниеге келген Фидель Алматы зообағына 2001 жылы Ригадан әкелінген. Бүгінде ұзындығы 4 метрге жететін алып жыртқыш хайуанаттар бағының басты символдарының біріне айналып, келушілердің ерекше қызығушылығына ие.
Мерейтой құрметіне зообақ қызметкерлері Фидельге ерекше сый әзірледі. Бұл жолы тәтті торттың орнына оның ең сүйікті асы – сиыр етінен жасалған арнайы «ет торты» тарту етілді. Қолтырауын ерекше сыйды тәбетімен жеп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мамандардың айтуынша, Фидельдің денсаулығы жақсы, тәбеті де қалыпты. Сондай-ақ олар қолтырауындар үшін 40 жас айтарлықтай кәрілік емес екенін атап өтті. Дұрыс күтім мен қолайлы ортада бұл жыртқыштар ондаған жыл өмір сүріп, тіпті 70–100 жасқа дейін жасай алады.