Алматы тұрғындарына коммуналдық автотұрақтарды тегін пайдалану тәртібі түсіндірілді

Алматы тұрғындарына коммуналдық автотұрақтарды тегін пайдалану тәртібі түсіндірілді
baribar.kz/Ерқанат Аманкел

Алматы тұрғындары үйінен 500 метрге дейінгі радиуста орналасқан бір коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалану құқығын рәсімдей алады.

Рұқсат бір тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайға бір көлік құралы үшін беріледі. Өтінішті «Алматы паркинг» сайты немесе e-Otinish платформасы арқылы тапсыруға болады.

Ол үшін өтініш беруші үй-жайдың мекенжайын көрсетіп, картадан автотұрақты таңдап, көлік туралы мәліметтер мен қажетті құжаттарды тіркеуі керек. Құжаттар өтініш берушінің меншік иесі, оның жақын туысы немесе жалға алушы болуына қарай өзгереді.

Өтініштің қаралу нәтижесі «Алматы тұрақтары» мобильді қосымшасы арқылы push-хабарлама түрінде жіберіледі.

Айта кетейік, тегін пайдалану құқығы нақты тұрақ орнын бекітпейді. Көлікті таңдалған автотұраққа тек бос орын болған жағдайда қоюға болады.