Алматы тауларында серуендеп жүрген туристер күтпеген жерден қар барысын көріп қалды. Жабайы аң оларға бірнеше метр қашықтықта жақындаған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға туралы Instagram қолданушысы жазды. Оның айтуынша, ол Виктория есімді серігімен бірге таудағы соқпақпен келе жатқанда, оларға жергілікті ит еріп жүрген.
Ит кейде алға жүгіріп кетіп, кейін туристерді күтіп, қайта қосылып отырған. Алайда аялдамалардың бірінде ол алға қарай кетіп, мазасызданып үре бастаған.
«Жақындасақ, жүні тікірейіп, бір нүктеге қарап тұр екен. Ал алда ештеңе көрінбейді: күн көз қарықтырады, бұталар мен шыршалар бар. Кенет ит орнынан атып тұрды. Бірнеше секундтан кейін ол бізге қарай қайта жүгірді, ал оның артынан қар барысы келе жатты», – деп жазды турист.
Оның сөзінше, қар барысы туристерді көрген кезде тоқтап, бірнеше секунд бойы оларға қызығушылықпен қарап тұрған. Кейін шыршаның артына кіріп, көзден ғайып болған.
Туристер кейін қар барысын соқпақтың жоғары жағынан тағы бір рет көрген. Олардың болжамынша, жабайы аңның маңайында өзі аулаған олжасы болған және оны қорғап жүрген болуы мүмкін.
Оқиға кезінде туристерге тауда кездескен басқа адамдар да көмектескен. Олар еріп жүрген итті өздерімен бірге алып, елді мекенге түсіріп жіберген. Ал туристер сапарын жалғастырған.