Алматы тауларында Оңтүстік Корея азаматын іздеу жетінші күн қатарынан жалғасып жатыр

Алматы тауларында Оңтүстік Корея азаматын іздеу жетінші күн қатарынан жалғасып жатыр
ашық дереккөз

Алматы тауларында 73 жастағы Оңтүстік Корея азаматы Чо Кукхиді іздеу жұмыстары жетінші тәулік бойы жалғасып жатыр. Қазір іздеу жұмыстарына шамамен 90 адам жұмылдырылған, деп хабарлайды ult.kz.

Алғашқы күндері жоғалған азаматты іздеуге шамамен 50 адам шыққан. Қазір олардың қатары екі есеге жуық артқан.

Іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің, полицияның, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен еріктілер қатысып жатыр. Сондай-ақ 10 техника, 3 кинологиялық есеп, 7 дрон және ТЖМ авиациясы жұмылдырылған.

Құтқарушылар таудың беткейлері, шатқалдар мен жақын маңдағы су айдындарын кезең-кезеңімен тексеріп жатыр. Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, іздеу жұмыстарына күрделі жер бедері, аумақтың үлкендігі және биіктіктің күрт өзгеруі кедергі келтіруде.

Турист тауға жалғыз кеткен

«Ерікті құтқару қызметінің» жетекшісі Қарлығаш Нүсірбекованың айтуынша, 28 қыркүйекте ер адам «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы Талғар асуы аумағына көтерілген.

Шамамен сағат 11:00-де ол бірге жүрген адамдарға әрі қарай жалғыз көтеріліп, өзі қайтып түсетінін айтқан.

Отбасына жіберген ақпаратына сәйкес, ол «Талғар асуы – Чимбулачка шыңы – Талғар асуы» бағытымен жүрген. Осыдан кейін байланысқа шықпаған.

Құтқарушылардың айтуынша, жоғалған азаматтың тауға шығу тәжірибесі болған. Алайда оның рюкзагында тамақ, қажетті құрал-жабдық пен жылы киім болған-болмағаны белгісіз. Сондай-ақ жолда бағытын өзгерткені-өзгертпегені де анық емес.

Іздеу жұмыстары ер адамның тұтас қара түсті киім кигені себепті де қиындап отыр. Мамандар тауға шыққанда ашық түсті киім киюге кеңес береді. Мұндай киімдегі адамды дроннан немесе тікұшақтан байқау оңайырақ.

Құтқарушылар туристерге үндеу жасады

Қарлығаш Нүсірбекова тауға шығар алдында маршрутты, оның күрделілігін және қажетті құрал-жабдықтарды алдын ала зерттеу керегін еске салды.

Жақындарыңызға қай бағытпен жүретініңізді айтып, әсіресе жоспар өзгерген жағдайда, орналасқан жеріңізді үнемі жіберіп отырған жөн.

Маманның айтуынша, таудан сағат 13:00-ге дейін қайтуды жоспарлаған дұрыс. Себебі тауда қалаға қарағанда күн ертерек батады және адасып қалу қаупі жоғары.

«Қазгидромет» мәліметінше, 5 қазанда Алматы тауларында жаңбыр мен қар жауып, желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін.

Алматы қаласы ТЖД іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Турист жоғалса, іздеу шығынын кім төлейді? Журналист заңнаманы өзгертуді ұсынды